Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі тарихы
Доссор - Қазақстан мұнайының бастауы болған мұнайлы елдің қарашаңырағы.
1911жылы Доссордағы №3 скважина дан 225 метр тереңдіктен атқылаған мұнай фонтаны осы аймақтың бағалы қазынасын ашты. Бұл фонтан Ембімұнай өнеркәсібінің бастамасы бүкіл Қазақстан мұнайының бастауы болды. Доссордан талай – талай атақты мұнайшылар тәрбиеленіп шықты. Қаншама мұнайшы осы кәсіпті атадан балаға мирас етіп, ұрпақтар сабақтастығын мұнаймен жалғастырып келеді.
Доссордағы Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің негізі РУ - 19 (ремесленное училище) болып қаланған.
1940 жылы Еңбек резервінің қолөнер кәсіпкерлігі № 16 ФЗО фабрикалық – заводтық оқыту шеберлерін дайындайтын оқу орны болып құрылды.
1948 жылы мұнайшылардың қолөнер училищесі, мұнай өнеркәсібінің бұрғышысының көмекшісі , мұнайшы оператор, темір ұстасы,ағаш шебері, бұрғылау станоктарын жөндеушілерін дайындайтын болған.
Содан бері оқу орны 1963 жылы № 10 қалалық кәсіптік училище
1982 жылы Орта кәсіптік – техникалық училище (СПТУ № 2)
1987 жылы № 2 орта кәсіптік техникалық училище.
1996 жылы № 2 кәсіптік техникалық мектеп.
2003 жылы № 2 кәсіптік мектеп.
2008 жылы № 5 кәсіптік лицей.
2012 жылы Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі болып қайта құрылды.
Негізгі мақсаты - еліміздің мұнай өндірісіне мұнайшы мамандар даярлау. Осы жылдар ішінде колледж қабырғасында 10 мыңдай жастар тәрбиеленіп шықты. Көпшілігі белгілі қайраткер, өз ісінің айтулы шебері атанды. Олардың қатарында төрт мәрте Қызыл Ту орденінің, Қазақстан Республикасының Құрмет орденінң иегері , Мемлекет және Қоғам қайраткері Саламат Мұқашевты; Ембі мұнай бірлестігінің бас инженері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы Құмар Балжановты; Қазақ ССР-нің Жоғарғы кеңес депутаты, Ленин орденді мұнайшы Жібек Сегізалиеваны; КПС - 26 – шы съезінің делегаты Ақжан Қадымованы; Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Аңшыбаевты; Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР-не еңбек сіңірген бұрғылау шебері Салық Рысқалиевты атауға болады. Сондай-ақ талай дарынды педагогтар мен оқу өндіріс шеберлері жұмыс жасады.
Бұл оқу орны Ұлы Отан соғысында да Ұлы Жеңісті жақындатуға өзіндік үлесін қосты. Одан бұрғышы, бұрғышының көмекшісі, мұнайшы-оператор, түрлі дәрежедегі слесарлар, ұста, темір жонушы, тағы да басқа мамандықта мамандар даярланды. Училище қатарын мұғалімдер мен қатар өндіріс оқу шеберлері толтырып отырды. Олардың ішінде еңбек ардагерлері Бөлек Сейлханов, Ырзаш Қитаров, Георгий Мутьев, Темірбай Оспанов, Қонысбай Мантаев, Әлжан Айдаралиев, Лекер Өтебаев, А.Текеев, Ю.Чернояров және басқалар болды. Жұмысшы мамандар дайындауда елге елеулі, халыққа қалаулы болған майталман ардагер мамандар еңбек етті. Олардың қатарында Жұбантыров Өтеген, Демесінов Жолдас, Қайырғожиев Орынбасар, Тасымова Жаңыл, Мұхамбетова Шәмшияны, Құмарова Ақсұлу, Кенжеғалиев Орақ, Жұмашева Телжан, Еренова Жамиға сынды еңбек ардагерлерін атауға болады.
Ұзақ жылғы өмір тарихында училищені Т.Оспанов, П.Чернов, З.Дабысов, Ғ.Садиров, Т.Ержанов, М.Сейтқалиев, Т.Бисалиев, Е.Таспаев, А.Елеусинов, Т.Жолмағанбетов, Қ.Паритов секілді азаматтар басқарды.
Доссордағы Мақат мұнай және газ технологиялық колледж ұжымына 2001 жылдан күні бүгінге дейін Ізтұрған Молдабекұлы Тасбаев басшылық жасап келеді. Мұнайшы кәсібін атадан балаға мирас етіп, ұрпақтар сабақтастығын мұнаймен жалғастырып келе жатқан жас буынға кәсіби мамандық беру жолында ұжымға үлкен ұйымшылдық танытып, аянбай еңбек етіп келеді.