2019 жылдың 4 ақпан күні Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде «Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты дәстүрлі онкүндігінің ашылу салтанаты болды.


Адам бойындағы адамгершілік қасиеттерін дамыту, өз - өзіне деген сенімін арттыру, адами қарым-қатынастарын қалыптастыру мақсатында өткізілген онкүндіктің ашылу салтанатында колледж директоры Ізтұрған Молдабекұлы алғашқы лебізін білдірсе, білім алушылар «Шын жүректен» тілектер тақтасына өз ойларын жазып орналастырды, сонымен қатар коллеждің кітапханасында «Мейірім төгетін ана» тақырыбында кітап көрмесі жабдықталды.

 

    

 

Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігі аясында колледж әдіскері Майра Әлкеқызының ұйымдастыруымен «Сөз мерген» интеллектуалдық ойыны болып өтті.


Мақсаты: білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, сөздік қорларын молайту, шешендік өнерге баулу, ойын жүйелі, еркін жеткізуге дағдыландыру.


Бағдарламасы:

  1. «Зымыран сұрақтар» сұрақ жауап
  2. «Мықты болсаң, тауып көр» бұл кезеңде тұрақты сөз тіркестерін тауып, мағынасын ашу
  3. «Жүйрік болсаң шауып көр» жұмбақ шешімін тауып, жауабына мақал - мәтел құрастыру
  4. «Ойлы болсаң, озып көр» қойылған сұрақтарға мақалмен жауап беру.

Ойынға 1 курс білім алушыларынан 2 команда қатынасты, жеңіске жеткен команда мүшелері марапатталды.

 

    

 

 

«Өзін - өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы» тақырыбында өтетін онкүндігіне байланысты колледж кітапханасында «Мейірім төгетін ана» атты көрме ұйымдастырылды. Бұл көрмемен білім алушыларды кітапханашы Мереке Құсымқызы таныстырды. «Мейірім төгетін ана» көрмесінің мақсаты: адам өзін рухани жетілдіру үшін, өзін - өзі танып білуі үшін кітаппен дос болу және де мектеп өміріндегі кітапхананың маңызды рөлін түсіндіру.

 

    

 

    

 

Сондай - ақ аталған онкүндікке қатысты «Руханилықтың мөлдір бұлағы» тақырыбында колледж білім алушыларының шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрмені дайындауда жетекшілік еткен «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының дәріс беруші оқытушылары Үміт Маратқызы мен Айгерім Омарқызы.  Көрмені ұйымдастырудағы мақсат: білім алушылардың қолөнерге деген, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттыру еді. Көрмеде қолдан жасалған бұйымдар, өрнекпен безендірілген қазақтың ұлттық киімдері және т.б. таныстырылып өтті.

 

    

 

    

 

 

«Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігіне байланысты колледж психологы Абдикаева Айгерім Шайхидинқызының ұйымдастыруымен «Барлық адам өз атына айтылған жылы сөзді ұнатады» атты психологиялық тренингісі өткізілді. Тренингтің мақсаты: білім алушыларға жылы сөздің құдіретін, пайдасын түсіндіру. Әр адамның қайталанбас тұлға екендігін есте сақтай отырып, жылы сөйлеуге, өзін - өзі бағалай білуге тәрбиелеу және сөз мәдениетінің маңыздылығын ұғындыру.

 

    

 

    

 

    

 

 

11 ақпан күні «Мейірім төккен ана» тақырыбында І курс № 197 топ білім алушыларының арасында өткен шара шаттық шеңбері аясында өрбіді. Шеңбер бойымен қатарласып тұрған білім алушылар бір - бірлеріне жүрекжарды тілектерін айтып, жарқын жүзді көңілдерін қуанышқа толтырды. Сондай - ақ, осы шараға білім алушылардың аналары да қатынасты. Қатысушыларға «Соқыр ана» атты бейне баян желісінде көрніс көрсетіп, «Менің балам қандай?» атты тақырыпта аналарға түрлі ситуациялық сұрақтар берілді, Мейірімділік пен махаббаттың жылуы жүректен - жүрекке жетіп, қуаныштың құшағында қол ұстасқан студенттер «Аяулы ана» әнін орындап, шаттыққа бөлеген шараны қорытындылады.

 

    

 

Қайырымдылық - адамның асыл қасиеттерінің бірі. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Осы мақсатта ақпан айының 11 - 12 күндері Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қайырымдылық жәрмеңкесіне білім алушы студенттер үйлерінен түрлі тағамдар әзірлеп әкеліп, тағамдарды сатып игі шараға өз үлестерін қосты. Қайырымдылық шарасынан түскен қаражатқа Доссор кентінде тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар алынып және оларға арналған колледж базасында өткен «Жылы жүрек - жомарт қол» атты кешке жұмсалды.

 

    

 

    

 

    

 

    

 

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» — деген екен дана халқымыз. Қайырымдылық адамгершілік қасиетінің ең ізгі бастауы. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» -деген халқымыздың игі дәстүрі Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде де «Жылы жүрек - жомарт қол» тақырыбында психолог Айгерім Шайхидинқызының ұйымдастыруымен болып өтті.


«Қайырымдылық» акциясына мұғалімдер мен студенттер де белсене араласты. Өндірістік оқыту шеберлері мен топ жетекшілері, білім алушылардың күшімен ұйымдастырылған жәрмеңкеде жиналған қаражатқа Доссор кентіндегі мүмкүндігі шектеулі балаларға арналған түрлі киімдер мен ойыншықтар алуға жұмсалды. Өткізілген шарада шақырылған балалар өз өнерлерін көрсетіп, суреттер салды. Қатынасқан ата - аналар өз ризашылықтарын білдірді.

 

    

 

    

 

    

 

    

 

 

 

«Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігі төңірегінде Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің білім алушылары мен қызметкерлері «Қайырымдылық – қадірлі іс» атты қайырымдылық жәрмеңкесінен жиналған қаражатқа мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлық алып берумен қатар, колледжіміздің зейнеткерлерінің үйлерін аралап, көмек ретінде азық - түлік, тәттілерді тарту етті.

 

    

 

 

 

«Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігінде әр түрлі шаралар өткізіліп, 15 ақпан күні салтанатты жиында онкүндіктің жабылуында өтілген шараларға атсалысқан барлық білім алушылар мен оқытушылар алғыс хат, диплом, сыйлықтармен марапатталды.