Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздіктің ұлы рухы - желтоқсан» атты 211 топ жетекшісі Журалиева Гүлдана Елтайқызы мен кітапханашы Ахатова Мереке Құсымқызының ұйымдастыруымен әдеби - сазды кеш өткізді. Кітапханашы Мереке Құсымқызы «Тұғыры биік - Тәуелсіз Қазақстан» атты көрмемен таныстырды. Кітап көрмесі еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінгі дейінгі жүріп өткен жолы туралы ақындардың жазған еңбектері мен тәуелсіздік жылдарында баспадан шыққан әдебиет туындыларымен қамтылды. Көрменің мақсаты: ата-бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау. Көрме 3 бөлімді қамтыды. І бөлім «Тәуелсіз Қазақстан: әлеуметтік - экономикалық даму», ІІ бөлім «Тәуелсіздіктің символы - Елорда», ІІІ бөлім «Қазақ елі және мәдени мұра» Кітапханашы Мәңгілік еліміздің жалынды жастарына тәуелсіздік ұғымын кеңінен түсіндіріп, насихаттады.