2019 жылдың 8 сәуірі күні Атырау облысы Білім беру басқармасының әдістестемелік орталығы техникалық және кәсіптік білім беретін колледждердің жас оқытушылары арасында «Озық ойлы жастар» атты облыстық жобалар байқауын ұйымдастырды.
Атырау медициналық колледжінің базасында өткен байқауға біздің колледжімізден жас оқытушысы Құлымжанова Жайнат Тұрланқызы қатысты. Жайнат ұсынған «Smart house» автоматтандырылған басқаруының интеллектуалды жүйесі» жобасының мақсаты: құрылғылар туралы ақпарат беретін, тұрмыстық құралдар мен жарықты басқаратын «ақылды үйді» басқару жүйесін құру. Бұл интеллектуалды жүйе web - браузер немесе ұялы қосымша арқылы басқаруды қарастырады.
Жобаның негізгі міндеттері төмендегідей: ғимаратты автоматты басқару жүйесін құру әдістерін талдау, ең оңтайлы құрылғылар жиынтығын таңдау, контроллер үшін бағдарламалық қамтаманы өңдеу тәсілдерін таңдау, жұмыс объектісін басқару алгоритмдерін өңдеу және осы алгоритмдерді контроллер үшін бағдарламалық қамтама жазу кезінде жүзеге асыру.
«Smart house» жүйесі уақытты үнемдеп қана қоймай, сондай - ақ тұрған орнына тәуелсіз болуды қамтамасыз етеді. Бұл жүйенің артықшылығы электр энергиясын үнемдеуге, ғимарат қауіпсіздігін сақтауға, жабдықталғандық пен жайлылыққа мүмкіндік береді.
Аталған жоба ұйымдастырушылар көңілінен шығып, Жайнат Тұрланқызы жүлделі І орынға ие болды. Осындай озық ойлы жас ұстаз өз болашағынан үлкен үміт күттіретіні әріптестерін қуантады.
https://mtkig.edugov.kz/kz/zhanaly-tar/131-ozy-ojly-zhastar-oblysty-zhobalar-baj-auy.html#sigFreeId5b6fd61f74